Көп балалы отбасы қыстың көзі қырауда үйсіз қалды

849
Опубликовано 22 февраля 2019, 16:00
Ақтөбеде қызыл жалыннан тағы бір отбасы үйсіз қалды. Өрт кеше Өнеркәсіп көшесіндегі 24 үйде болды. Түскі үштер шамасында тоқтан шыққан ақаудан балалар бөлмесі жанып, үйдің бәрін түтінге толтырады. Абырой болғанда үйде қалған үш бала далаға шығып үлгерген. Айдың күннің аманында далада қалған алты балалы Айнұр Байтөбетованың түсіру тобына әуелгі айтқан сөзі осы болды. Жақында омырауына күміс алқа таққан келіншек ай сайын мемлекеттен бөпелері үшін 15 мың теңге жәрдемақы алады. Жолдасы базарда жұмыс істейді. Қыстың көзі қырауда баспананы қалпына келтіруге отбасының мүмкіндігі болмай тұр. Өрт болған сәтте Айнұр Байтөбетова үш айлық қызын емханаға дәрігерге көрсетуге кеткен. Екі күн бойы мекен-жайы бойынша қаралатын учаскелік дәрігері шақыртуға келмепті. Амалы таусылған келіншек қалған балаларды естиярына табыстап, өзі бөпесін көрсетуге емханаға кетіп қалған. Бұл сәтте жолдасы базарда жұмыста болған. Үлкен қызы сабақта. Үйде екі інісімен 10 жастағы екінші қызы Аймира қалады. Аймираның айтуынша, інілері теледидар қарап отырғанда балалар бөлмесіне сабақ оқуға кірмек болып есікті ашқанда, түтін үйді жайлап қоя берген. Қатты тұншыққан шынашақтай қыз інілерін жетектеп есікке жүгіреді. Балдырғандардың періштесі қақты ма, бұл мезгілде әпкесінің үйіне інісі соқпақшы болып бұрылған. Есік аузында бүрсеңдеп тұрған сәбилерді нағашы ағалары сыртқа шығарып алады. Отбасының иелігінде қазір жөндеуді қажет ететін осы үйден басқа ештеңе қалмады. Жиһаздар түгелдей бүлінген. Балалардың киімдері киюге жарамсыз болып қалған. Кешелі бері туыстарын жағалап жүрген көп балалы отбасы мейірімді жандардан баспанасын тіктеп алуға қол ұшын беруді сұрайды. Отбасы ақшалай да, киім-кешекке да зәру. Айнұр Байтөбетованың апасы Сәнімгүл Байтөбетованың атына банктен есепшот ашылған. Бүгін көп балалы отбасының жағдайымен қалалық әкімдіктің мамандары келіп танысқан. Құзырлы орган өкілдері төтенше жағдай болған кезде берілетін қаражатты алу үшін құжат дайындауға кеңес беріп кеткен.

Сайт телеканала rikatv.kz
Twitter twitter.com/rika_kz
Вконтакте vk.com/rikatv
новости