Мемлекет басшысы ГФР Президентімен ЭКСПО-дағы Германия павильонын аралады

54
Published on 12 Jul 2017, 14:33
Ширек ғасырда Астана мен Берлин бар салада берік қатынас орнатты. Екі елдің ресми билігі ғана емес, іскер топ өкілдері де қоян-қолтық жұмыс атқарып келеді. Бұл іскерлік байланысты осы елдің «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне белсенді атсалысуынан оңай аңгаруға болады.

Бүгін Германия көрме аясында Ұлттық күнін өткізді. Ақордадағы кездесуден соң екі ел басшылары сонда барды. Германия павильонында Президенттер немістің көлік және тұрғын үй салаларындағы тың технологияларымен танысты. Сосын «Болашақтың картасы» және «Болашақтың қаласы» деп аталатын көрме кеңістіктерін көрді. Олар жел, Күн және гидроэлектр стансаларымен жабдықталған. Кейін екі ел басшыларының назарына «Энергетикалық шоу» ұсынылды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Құрметті қонақтар кітабына өз қолтаңбасын қалдырды. Бұдан кейін Елбасы мәртебелі қонаққа Қазақстанның «Нұр Әлем» павильонын көрсетті. Онда Президенттер Қазақстанның мәдениеті мен тарихына арналған интерактивті бұйымдармен танысты. 8-қабатқа көтеріліп, «Болашақтың Астанасы» экспозициясын тамашалады. Дәстүрге сай Германия Президенті де біздің павильондағы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
news