Ауыл-аймақты түз тағылары айналшықтап жүр

2 353
Published on 24 Jan 2020, 14:35
«Хабар» әлеуметтік желілерде / «Хабар» в социальных сетях:

Instagram: instagram.com/khabartv
Facebook: facebook.com/khabartv
Twitter: twitter.com/KhabarTV
Вконтакте: vk.com/khabartv
Одноклассники: ok.ru/khabar.agentstvo

Еліміздің бірақтар аймақтарында қарлы боран әлі басылған жоқ.

Тек өткен тәуліктен бері 8 облыста республикалық маңыздағы автокөлік жолдары жабылды. Бұл шамамен 3,5 мыңдай шақырым болады. Дегенмен жолға жауапты мекемелер күшейтілген жұмыс кестесіне көшкен. Кешелі бері республикалық жолдарды қардан тазалауға 800-ге жуық техника жұмылдырылды. Үздіксіз соққан боран мен қарға жан-жануар мен түз тағыларына да қиын болып тұр. Қыстың басында Өскеменде еліктің лағы жүргенін тұрғындар жарыса жазса, жақында қаладағы автотұрақтың бірін түлкі паналағаны белгілі болды. Ал Павлодар облысында қасқырлар ауыл-аймақты торуылдап жүр.

Павлодар өңіріндегі ауыл-аймақтардың маңында қасқырдың торауылдап жүргені туралы ақпарат әуелі әлеуметтік желіде тарады. Тіпті түз тағысын облыс орталығының іргесінен көргендер бар. Бірақ боранның кесірінен аңшылар ізіне түсе алмаған. Бір апта бұрын түсте Ақсу қаласында жүрген қасқырды аңшылар атып тастаған. Ал Шарбақты ауданындағы Сынтас ауылында жыртқыш бір қора қойды қырып кетті. Түз тағыларының ауылға жақындауын мамандар ауа райының қолайсыздығымен байланыстырып отыр.

Владимир Перескоков, мемлекеттік инспектор:

- Қазір қасқырлардың әуегінен, яғни үйірден бөлінетін кезі. Бұл кезеңді «бөрісырғақ» дейді. Дәл осы кезде көкжал, арландары 3-4 жасар бөрілері мен құртқаларын қуып жібереді. Жас бөрілерге қыс қатты болса, жеке-дара жүріп қорек табуы қиындайды. Сондықтан да ауыл-аймақты торуылдайды.

Аяз бен үздіксіз соққан үскірікте қорек таба алмаған түз тағылары Өскемен көшелерінде де жүр. Қаладағы автотұрақтың бірін түлкі мекендеп алған. Сол маңдағы тұрғындардың айтуынша, ол тіпті адамға бауыр басып үлгерген. Қоректі де қолдан жейді.

Вера Ситало, қала тұрғыны:

- Осы маңдағы тұрғындардың бәрі осы түлкіге қамқор. Күнделікті бақылап, қоректендіріп жүр. Бірақ бұлай қалдыруға болмайды. Хайуанаттар бағы әлде зоологиялық орталық қамқорлыққа алған дұрыс.

Қалың қар, ақтүтек боран жануарлардың азық табуымен қатар, адамзаттың қатынауын қиындатты. Мәселен, Ақтөбе аймағында қолайсыз ауа райына байланысты автокөлік жолдары жиі жабылады. Сондықтан патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел іс-шарасы ақпанға дейін жалғаспақ. Көлік жүргізушілеріне жолдың қауіпті аумақтары туралы ақпарат жазылған жадымалар таратылуда. Ауа райын болжайтын мамандар алдағы күндері де аймақта тағы мол қар жауатынын айтады.

Нұрлыбек Айжарықов, ТЖД басқарма бастығы:

- Жалпы облыс көлемінде орын алып жатқан оқиғаларды ескере отырып, облыс тұрғындарын, жол жүргіншілерін ауа райына немесе жолдың жабылуына байланысты келіп жатқан хабарламаларға құлақ асып, жол жүру ережелерін сақтауын сұраймыз.

Ақмола облысында өткен тәулікте жолда қалған 57 жолаушы құтқарылды. Олардың қатарында шетелдіктер де бар. Түркиялық 8 азамат Нұр-Сұлтан – Ерейментау – Шідерті жолында қарға кептелген. Бұл өңірде соңғы бірнеше күн бойы ауа райы өте қолайсыз болып тұр. Боранның салдарынан барлық бағыттағы жолдар жиі жабылып жатыр.

Қалың қардың кесірінен Қарағанды облысындағы Қарабас елді мекені маңында жолаушылар пойызының 4 вагоны рельстен шығып кетті. Нұр-Сұлтан қаласынан Жезқазғанға бағыт алған №108 пойыз «Марал-Нұр» ЖШС-ға тиесілі. Қосымша вагон шығарылып, жолаушылар түнде сапарын жалғастырды. Станция жұмысшыларының айтуынша, рельс сынып кеткен. Қазір ақаулы рельс ауыстырылып, 4 вагон жөндеуге жіберілген. Оқиға орнында арнайы құрылған комиссия жұмыс істеп жатыр.

Мұрат Мусин, Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің бас менеджері:

- Пойыз құрамындағы 16 вагонда 683 жолаушы болған. Адамдар зардап шеккен жоқ. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында пойыздардың қозғалысы тоқталған жоқ.

Шығыста да күн райы құбылып тұр. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша алдағы тәуліктерде аймақта ауа температурасы айтарлықтай жылынады.

Олжас Керейхан, тілші:

- Арқа мен Ақтөбеде ақборан әлі басылмай тұр. Ал шығыста өткен түнде Семей өңірі мен солтүстіктегі бірнеше аудандағы автокөлік жолдары жабылған. Бірақ Өскемен қаласы мен облыстың оңтүстігінде күн жылы. Қаладағы қалың қар еріп жатыр. Ауа райының бұлай жылынуын қазақ «мизамшуақ» дейді.

Авторлары: Олжас Керейхан, Ардақ Асылханұлы, Әнуарбек Мырзатайұлы, Қарлығаш Қасиетова, Дамир Берікұлы
newslifegamesmoviesfunautotechmusicsportfoodmoneybuildhunteducationhealthhandmadekids